WhatsApp_Image_2026-04-14_at_16.12.14[1]

Бүгін мектебімізде ерекше тағылымға толы, өскелең ұрпақтың Отансүйгіштік рухын арттыруға бағытталған мазмұнды кездесу өтті. «Германиядағы кеңес әскері тобы және Варшава келісімшарт әскері тобы Ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалының директоры Әбдіғали Әбдіжәмілұлы Жантілеуов бастаған ардагерлер оқушылармен жүздесті.
Тағылымды шараның басты мақсаты-жас ұрпаққа әскери қызметтің маңызын түсіндіру, Отан алдындағы борыштың қасиетті ұғым екенін ұғындыру және тарих тағылымын кейінгі буынға жеткізу болды. Кездесу барысында ардагерлер Германия жерінде әскери борышын өтеген жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, сол кезеңдегі әскери тәртіп, жауынгерлік дайындық, достық пен жауапкершілік жайында кеңінен әңгімеледі.
Ардагерлердің әрқайсысы өз өмір жолынан сыр шертіп, әскери қызметтің адамды шыңдайтынын, тәртіп пен төзімділікке, батылдық пен бірлікке тәрбиелейтінін ерекше атап өтті. Олар сол кездегі халықаралық ахуал, әскери бөлімдердің күнделікті тыныс-тіршілігі, жауынгерлер арасындағы бауырмалдық туралы әсерлі мысалдар келтірді. Әсіресе, шет елде жүріп Отанның қадірін терең сезінген сәттері оқушыларға ой салды.
Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әскери өмірдің қыр-сырына қызығушылық танытты. Ашық форматта өткен жүздесу жас буынның әскери мамандыққа деген құрметін арттырып, ел тыныштығын күзетудің үлкен жауапкершілік екенін ұғындырды.
Шара соңында ардагерлер мектеп ұжымына және оқушыларға алғыс білдіріп, білім мен тәрбие жолындағы еңбектері үшін мектеп директорына арнайы алғыс хаттар табыстады.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі мектеп пен ардагерлер ұйымы арасындағы байланыстың айқын көрінісі болды.
Мазмұнды кездесу оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Ел тарихын көзімен көрген, қиындық пен жауапкершілікті иығымен көтерген аға буын өкілдерінің өнегелі әңгімесі жас жүректерге отансүйгіштік рух сыйлап, болашаққа сенімдерін нығайтты.
Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өскелең ұрпақты елжандылыққа, ерлік пен бірлікке тәрбиелеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *